Тіл мерекесі
«Ана тілім – айбынды үнім!» атты
мерекелік кештің жоспары
№30 орта мектеп 2016-2017 оқу жылы
Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге
үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына
негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық
халықтардың тілдерін құрметтеу.
Әдіс-тәсілдері: үш тілде мәнермен
өлең оқу,сахналық көріністер, ән-би шашуы.
Көрнекілігі: баннер, қанатты сөздер, ұлы тұлғалар портреті,
кітаптар көрмесі, музыкалық аспаптар
Өтілу барысы:
І.Ән шашу Мектеп жұлдызы Ә.Кенесовтың
орындауында «Қазақ тілім» әні.
ІІ.Мектеп директоры Д.Т.Аманжолов өз құттықтауын жолдады.
Қымбатты ұстаздар мен оқушылар Қазақстан халықтарының тілдер мерекесі күні
құтты болсын! Біздің
негізгі мақсатымыз- оқушылардың өз ана тіліне
деген құрмет сезімін арттыру, тіл
мәртебесін көтеру, өз ұлтына, еліне
деген сүйіспеншілігін ояту. Елбасымыз Н.
Ә. Назарбаевтің «Қазақстанның
болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол –
ұлтымыздың анасы» дегендей біз ана тіліміздің
тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ете отырып,
өзге тілді де құрметтеп, тату-тәтті өмір сүруіміз керек.
Бүгінгі өткізгелі отырған «Ана тілім- айбынды
үнім!» тақырыбындағы іс – шарамыз- 22-қыркүйек
күнгі Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне қосылатын кішкене
ғана үлес. Бірақ біз ана тілімізге
деген сезімімізді білдіретінімізге қуаныштымыз. Олай болса,
Балалар, құтты болсын тілің
бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан,
Тіліне зер салыңдар бұрынғының, - дей келіп, бүгінгі «Ана тілім-айбынды үнім»
тақырыбындағы кешін бастауға рұхсат етіңіздер.
«Шаңырағымыз шайқалмасын, достығымыз ортаймасын!»
деген ұранмен 5б сынып оқушылары әр ұлттың бейнесінде шаңырақ көтере ортаға шықты
1-жүргізуші:
Тілім менің
!
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен,
Арыммен қатар қойып,
Тілді қорғау-парызым бүгін менің!
2-жүргізуші:
1989 жылы «Республикадағы қазақ тілінің
жайы» туралы қаулы қабылданды. 1989 жылы қыркүйектің 22-і күні
«Қазақстан Республикасындағы тілдер
туралы Заңы» қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі мәртебесіне ие
болды. Кейін 1993 жылы қаңтардың 28-і күні
бұл статус Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тұрақталып, Тіл
туралы Заңы 1997 жылы шілденің 11- күні
жаңа «Қазақстан Республикасындағы тілдер
туралы» Заңы қабылданды.
Бұл Заң бойынша қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі.
Әуезов,
Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тілі
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Етілсін мемлекеттік әр істе үні!
1-жүргізуші:
Осы заң талаптарынан соң 22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі болып аталып өтілуде.
Білеміз
шаттық хабар қайдан ұшты,
Бәрі енді өзімізге байланысты.
Қаумалап, тік көтеріп әкетейік,
Қанатын жаңа ғана жайған істің!
Кештің жоспары
І. « Үш тілді білу – бүгінгі күн талабы» (үш тілде мәнермен өлең оқу)
ІІ. «Аталар өсиеті – ұрпаққа мұра» (шешендік сөздер, айтыс,салт-дәстүрден сахналық көріністер)
ІІІ. Ән –би шашуы (әр ұлттың өнерін көрсету)
Кештің бірінщі бөлімінде мектебіміздің мақтаныштары қазақ, орыс,ағылшын тілдерінде мәнермен өлең оқиды. Үш тілді білу – бүгінгі күн жастарының парызы.
2-жүргізуші:
Қазақ тілі түркі тілдер
тобына жатады, атадан балаға жеткен ұлы құбылыс . Ол талай тарих сынынан өтті.
Ғасырлардан - ғасырларға сүрінбей жетті. Дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, таза,
өткір, терең, күшті кең тіл
ретінде саналады. Қазіргі таңда ана тіліміз
жан –жақты зерттеліп, уақыт талабына сай ғылыми үлгіде жүйеленді. Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық игілігі
болумен қатар, әлемдік тіл
білімі зерттеушілерін қызықтырған көне тарихы бар, кемел тіл ретінде танылуда.
1-жүргізуші:
Өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси «Қазақ тілі түркі тілдері ішіндегі ең бір таза тілдердің бірі» деп тамсанған.
Орыстың әйгілі ғалымы Василий Васильевич Радлов «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай,
ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме
айта қалса сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір әрі майда шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті.
2-жүргізуші:
-Тәңірі ортақ жаратқан,
Аузына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған.
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле, Қазыбек
Әйтеке, Алшын, би Кебек.-дей келе,екінші кезең «Бабалар өсиеті»бөліміне бет
аламыз
Сахнаға шыққан әр сынып оқушылары шешендердің өсиет сөздері арқылы халық
даналығын , тіл байлығын
көрсетеді.
1-жүргізуші:
Көрініс. «Үш би». 5- сынып оқушылары.
2 -жүргізуші:
. . . Тіл жоғалса жоғалар ұлтың бүгін,
Тілің барда нұр шашып атар күнің.
Сөзімнің ұғар болсаң түп- төркінін
Жүрек жырын жазар ем таппай тыным. . .
Жастарға айтар, бастарға айтар жырым бар,
Жоғалтпақ болды ұлтымның тілін
залымдар.
Жаутаң қағып жетпіс жыл жүрдік боданда,
Содан да қалған тілімізде жұғын
бар.
Қадір тұт өз тіліңді намыс
болса,
Көзіңді сал көк аспан алыстарға.
Тілім десе екпіндеп тоқтамайтын
Құрмет көрсет Мұхтардай арыстарға.
1-жүргізуші:
Туған тіліңді қорғау-туған
отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе,
әйтеуір, азат етеріңе сенесің. Ал тілің
жауланса-бітті. Басқа тілге
көшіп, туған тілін ұмытқан және
өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын
жоғалтып үлгерген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер
қарсыласады. Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай, өзге тілдің
мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады. Әлгі бейшара
ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмақ емес.
2-жүргізуші:
Ата –баба қанына сіңген,
Жақсы ғой, достым, салтыңды білген.
Салтыңды білген – халқыңды білген
Ұмытпа оны,кел,сен де үйрен!
Ортада 9б сынып оқушылары «Жарапазан айту» салтымен
1-жүргізуші:
Ал кдоматасы Құрманғазы мен Динаның кездесуі жөнінде ел осылай аңыз етеді.
Дина апа осы антын адал орындады. Ол кдоматасы Құрманғазыдан алған асыл мұрасын
алтындай сақтап, қазынасына табыс етті.
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен Қазақ тілім.
Туған тіл-ақыл ой дамуының негізгі және барша білімдердің қазынасы.
Ия, бүгін біз ана тіліміздің құдіреті
мен өміршеңдігіне біршама көз жеткізгендей болдық. Ана тілін ұлы мұхитқа баласақ, біз соның жағасына келіп екі
алақанымызды қосып тұрып қос уыстап іліп алып ішкендей ғана болдық деп
ойлаймын. Оның тереңіне бойлап түбіндегі інжу – маржанын ерінбей – жалықпай
тере біліп өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
2-жүргізуші:
Халықаралық байланыста әлемдік деңгейде қолданылатын 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, орыс, испан, қытай, араб тілдері. Жарқын болашаққа ұмтылған
Қазақстан үшін бүгінгі жағдайда біздің көп тіл білуіміз қажет. Біздің еліміз – көп ұлтты ел. Тіпті
ауылымыздың өзінде қазақ ұлтынан басқа қырғыз,
түрік,азербайжан,орыс,поляк,корей,қытай,монғол,ұйғыр,өзбек,неміс ұлтының
өкілдері тұрады.Ендігі кезекті әр ұлт өнеріне береміз.
5а сынып оқушылары орыс тілінде ән салып,
5б сыныбы ұйғыр халқының өнерін ортаға салды
7а сыныбы оқушысы Айденова Ариана өзбек биімен,
7б сыныбы оқушысы Мадаққызы Балдырған қытай тілінде ән шырқап,
6а сынып оқушылары Жумаев Камал мен Гушкелова Зейнаб түрік биімен,
9б сыныбы оқушысы Самажан Балзия қырғыз биімен,
8-сыныптың қыздар тобы украин биімен
9а сынып оқушылары Жумаев Руслан мен Ақпанова Ақмарал грузин биімен,
10-сынып оқушысы Жумаева Лейла хинди тілінде өлең оқып көрерменді тамсантты.
2-жүргізуші:
Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі,
Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек
ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор
ұл-қыздары бізге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат.
Қорытынды сөз мектебіміздегі
«Лингвистика» бірлестігінің жетекшісі
Г.К.Жанділдаеваға беріледі
Қонып тұр ордаң міне, жаңа жұртқа
,
Салып тұр ұлың «Қазақ» көзін сыртқа.
Жау болсаң, жақындама, аулақ жүр
деп,
Ел болсаң есігім бос, ен деп
ұлтқа.
Армысыздар, құрметті ұстаздар,
оқушылар! Осымен «Тіл мерекесі» өз мәресіне жетті. Аспанымыз ашық, заманымыз
тыныш, тіл мәртебесі биік
болсын» дей келе, бүгінгі ортаға шыққан әрбір сынып, әрбір сынып
оқушыларының білімде де,өнерде де тек
алдан көрінулеріне тілектеспіз.Сынып жетекшілері мен қазақ,орыс, ағылшын пәні
мұғалімдерінің еңбектері жанып, Отансүйгіш, елжанды, ана тілін сүйер, ел
сенімін ақтар шәкірттері көбейе берсін демекпіз.
Кештің қорытындысы 5-7- сыныптар аралығы бойынша:
І орын - 7а сыныбы (сынып жетекшісі – Ж.С.Камшыбаева),
5а сыныбы (сынып жетекшісі – Д.Жұбандықова)
ІІ орын – 6а сыныбы (сынып жетекшісі – С.А.Жумаева),
7б сыныбы (сынып жетекшісі – Г.Н.Молдахметова)
ІІІ орын – 5б сыныбы (сынып жетекшісі – Г.Кадір),
6б сыныбы (сынып жетекшісі – Б.С.Азимбаева)
8-10- сыныптар аралығы бойынша:
І орын - 8- сынып (сынып жетекшісі – К.Н.Бейсебаева)
ІІ орын -9б сыныбы (сынып жетекшісі – Ж.Б.Нахимова)
ІІІ орын -9а сыныбы (сынып жетекшісі – Ж.С.Талханбаева),
10- сынып (сынып жетекшісі – Г.Н.Чаймерденова)